Еркебұлан  – Абу –Дабидегі Нью-Йорк университетінің студенті атанбақ

Еркебұлан Иманбаев – Семей қаласындағы физика –математикалық бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мақтаулы оқушыларының бірі. Республикалық, желілік пән олимпиадаларының бірнеше мәрте жеңімпазы әрі жүлдегері атанып жүрген ол мектепті аяқтасыменАбу –Даби қаласындағы Нью-Йорк университетінің студенті атанбақ.

Еркебұлан бұл құрметке өз білімінің арқасында жеткен. Тиісті құжаттарын онлайн арқылы өткізген шәкіртіміз жуырда белді оқу орнының шақыртуымен 4 күнге Абу–Даби қаласына барып қайтты.

- «Common Application» порталына жіберген құжаттарымның ішінде оқу үлгерімім, жетістіктерім, жазған эссем бар болатын. Абу-Дабиге барған сапарымда өзім сияқты әлемнің әр қиырынан келген оқушыларға білікті профессорлар сырттай бақылау жүргізді. Сол арқылы олар біздің қоғамда, әр ұлтты ортада өзімізді қалай ұстайтынымызды, бір-бірімізбен қалай араласатындығымызға дейін назар аударды. Сонымен бірге сол оқу орнының ұстаздары өткізген сабақтарға қатыстық. Араға көп уақыт салмай маған Абу-Даби қаласындағы Нью - Йорк университетінің студенті атана аласыз деген соңғы жауап келді. Мен бұл мүмкіндікті оң қабылдап, жоғары білімімді сол оқу орнымен байланыстырғым келді, -дейді оқушымыз.

Еркебұлан ағылшын тілін жетік меңгерген. Өзінің айтуы бойынша, 2-ші сыныптан бастап тілді үйренуге ден қойған оның еңбегі далаға кеткен жоқ. Өткен жылдың қараша айында IELTS эмтиханын сәтті тапсырып, тиісті 9.0 балдың 8,5 –ін алған. Мектеп қабырғасында жүріп, соңғы 3 жыл бойы ағылшын тілі пәнінен өткізілген желілік олимпиада да жүлделі 1,2,3 орындардан көрінген. Тіптен республикалық деңгейде мерейі үстем болған. Енді міне, сол еңбекқорлығының арқасында әлемдік жоғары оқу орындары арасындағы рейтингте 28 -ші орынға орныққан университеттен шақырту алып отыр.

Нью-Йорк университетінің Абу-Дабидегі кампусы 2010 жылы ашылған. Жалпы аталған оқу орнының бөлімшелері әлемнің әр қиырында бар. Тағы бір ерекшелігі – оқуға түскен студент 4 жылдық өз оқуын осы бөлімшелерде таңдауына қарай жалғастыра алады. Ғылыми деңгейде білім алуды жоспарлап отырған Еркебұлан болашақта химиялық инженериямен байланыстырғысы келеді.

Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі

17 ақпан 2020 г., 12:00


EMAIL
ipo_ekrgcnto@mail.ru


Контактный телефон
8 (7232) 75-33-33


адрес
Республика Казахстан, Восточно-Казахстанская область,
г. Усть-Каменогорск, пр. Абая, 21